Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  100


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ЛЕНИН СӨЗІ

Ақырғы ақсүйектік шепті бұзып,
Патшаның сарайына жетті мұжық.
Керзі етік, екі бірдей басында ес жоқ,
Қаншелек самұрықты кетті мыжып.
Жаулық сап қашса буржуй құйыршығы,
Тарихтың тапсырылып қиын сыны,
Морзенің әріптері қалалардан,
Сұрады большевиктік сүйіншіні.
Кеулеген кең қаланы іңірдегі,
Көсемге іңкәрлықтан күн ілгері.
Жан біткен телегейдей толқып жүріп,
Зал біткен: «Ленин», – деп дүбірледі.
Оң қолын бірден барлық жанға ұсынып,
Күн көсем сөз бастарда алға шығып,
– Жолдастар! –деген үні бара жатты,
Қуатша бойға тарап, қанға сіңіп.
Дауысы күн көсемнің сүйікті ашық,
– Жолдастар! – деген кезде биікке асып,
Жұрт түгел Финляндия вокзалында,
Топтасты онан әрмен иықтасып.
Осынау Октябрьде, отты күнде,
Сөйлейтін Отанымның көп тілінде,
Жас, кәрі, еркек, әйел – езілген тап,
Жолдас боп болашаққа кетті бірге.
Баққанда жиында жұрт көзі бізді,
Көтермей, төмендетпей өзімізді,
Отанда әрқашанда: «Жолдастар!» – деп,
Бастаймыз салиқалы сөзімізді.
Адамның ойы байтақ, тілі қысқа,
Тезірек жету үшін ұғынысқа,
Майданда сөз бастадық: «Жолдастар!» – деп
Сөйледік: «Жолдастар!» – деп құрылыста.
Жиында сөз тигенде анда-санда,
Жұрт саған, не сен жұртқа арнасаң да,
– Жолдастар! – деген Ильич сөзі бізден,
Адалдық талап етер әрқашанда.
Ақынмын, Азаматпын. Жас па басым!?
Сөйлейін ауыл үшін, астана үшін,
Ең ізгі, ең бір мөлдір ойымды айтам,
Сөзімді: «Жолдастар!» – деп бастағасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу