Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  100


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Кетпеймін енді үй көрмей...

Кетпеймін енді үй көрмей,
Бармаймын жерге уәделі.
Футболды қойған Мюллердей,
Қойдым мен әлгі пәлені.
Еленсе ісім егер көп,
Көптеген достан бұрын мен,
Шығатын едім шебер боп,
Қыздарға еңбек сіңірген.
Ойласам соны...жүрек кеп,
Тәтті уын жылай төгеді.
Бірінен тіпті бірі өткен,
Бұла өскен сұлу көп еді.
Жаңа бір мақсат жастанып,
Көрмеген жандай дәнеме.
Жеңіске жүрдім мастанып,
Жеңілмей жүрдім және де.
Ерек те емес аса әлім,
Не дейсің бірақ ал, маған.
Финтті де талай жасадым,
Гарринча жасай алмаған.
Аңыздар айтып көптеген,
Арманды басқа қумаса ер.
Бір жанның қолы жетпеген,
Аруды көріп шуласа ел.
Алғыр деп досы санайтын,
Аңғалдау туған бір ұлмын.
Күн жаққа ғана қарайтын,
Күнбағыс болып бұрылдым...
Біреулер: «Нағыз ұл» – деді,
Айтпайтын мақтау жиі онша.
Жан-жағым талай гуледі,
Көктемгі стадионша.
Кетіппін солай жиі ағат,
Шалқып та жүріп барыммен.
Жасаппын сансыз қиянат,
Осынша нәзік жаныммен.
Ол емес енді тәтті арман,
Ол бір шақ бізден ұзаған.
Жеңісін айтып мақтанған,
Жігітті көрсем қызарам.
Қалғанмен бәрі дін аман,
Шекті екен деймін қандай мұң.
Қыстығып қатты жылаған,
Қыз көрсем, қарай алмаймын.
Көргендей жүзін жаңа айдың,
Сезіммен енді бір бұла.
Боздауық қыздың қараймын,
Болар да болмас мұрнына.
Айтпаймын өлең құтырып,
Көнемін соның ырқына.
Қорасын барып сыпырып,
Жағамын қайын жұртыма.
Кетпеймін енді үй көрмей,
Бармаймын жерге уәделі.
Футболды қойған Мюллердей,
Қойдым мен әлгі пәлені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу