08.06.2022
  422


Автор: Алма Қыраубаева

ҚҰРАН

Әкесі сөреден бір қалың кітапты алды. Сырты алтындай жылтырайды. Көз тартады. Данабек шыдап тұра алмай:
– Әке, бұл қандай кітап? – деп сұрады.
– Балам, бұл – Құран. Әрбір мұсылманның қадірлеп ұстайтын кітабы.
Әкесі Құранды маңдайына тигізді. Данабекті тізесіне отырғызып, беттерін ашып көрсете бастады.
– Алла тағаланың сөзі осы кітаптың ішінде жазылған.
– Оны Алла тағаланың өзі айтып берді ме? – деді Данабек.
– Алла көзге көрінбейді. Ол – әр мұсылманның жүрегінде. Алланың сөзі Жәбірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарға жеткен. Жиналып кітап болып басылған. Осы кітапты түгел жатқа білетін кісілер болады. Оларды «қари» деп атайды.


Данабек таңғалды.
– Осының бәрін бір күнде қалай жаттайды, ә!? – деді.
– Балам, бір күнде жаттамайды. Кітап қысқа-қысқа бөліктерден тұрады. Бір бөлі­гін «сүре» деп атайды. Бір күнде бір сүреден
жаттаса, 3–4 айда жаттап алуға болады. Ол үшін ылғи қайталап отыру қажет.
Құранда «Ықылас» деп аталатын бір қысқа сүре бар. Оны сен де жаттауың керек. Мағынасы мынадай: «Сен айт: «Алла жалғыз де. Алла – мәңгілік. Ол тумаған да туылмаған. Оған ешбір теңдес жоқ».
Бұл сөздерді Данабек пен Айбегім де қайталап айтты.
– Енді осының арабшасы былай болады. Оны былай оқиды.
Әкесі көзін жұмып, әуенмен айта бастады:
«Бисмиллаһир рахмани рахим! Құлһу аллаһу ахад. Аллаһу сәмәд. Ләм йәлид.Уа ләм юлад. Уа ләм йакун ләһу. Куфуан ахад».
Әкесі осы сөздерді үш рет қайталады. Содан соң екі алақанын жайып: «Е, Алла, оқыған Құранның сауабын осы үйден дәметкен ата-бабаларымның рухына бағыштадым. Аллаһу әкбар!» – деп бетін сипады.
Айбегім мен Данабек те бетін сипады.
Әкесі айтты:
– Жолда кетіп бара жатқанда бейіт көрсеңдер, осы сөздерді айтып, бет сипаңдар. Жұма күні кешкі тамақты ішіп болған соң да оқыңдар. Құран оқылған кезде тыңдап отырыңдар. Еске сақтап, жаттап алыңдар, – деді.
Бұдан кейін Айбегім мен Данабек әкесі Құран оқығанда ылғи тыңдайтын болды. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу