Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  320


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

Жаңаөзен

«Жақсылар жылдам өтеді, - деме,
Ақтың да оты өшеді» деме.
Жатсынбас сені Жаңаөзен мынау -
Намысты ұлдардың мекені-міне!
Болмаса да бай сәнді бақтарға
(Жауады мұнда жаңбыр ақпанда).
Қасқая қарап қилы тағдырға
Қазақ боп қалған жалғыз-ақ қала!
Еселеп елдің несібесін көп,
«Бүгін болмаса – кешігесің» деп,
Бауырды жинап бауырына басқан-
«Аузың бір болса - жетілесің» деп.
Жындарды жым қып құнығып тұрған
Ұлдарға ұлттың құнын ұқтырған.
Жаңаөзен осы –өз қазағына
Өңірін ашып, бұрылып тұрған!
Лебін сезініп сәуірде ызғардың,
Көбесін сөккен дауыл - мұз-қардың.
Жайсаң жігіттің жиналған жері,
Тұрағы да осы тәуір қыздардың!
Асырап елді мұнайыменен,
Шындықпен кірген шырайы кілең.


Жаңаөзен осы - жасампаз қала
Қуат алатын ұдайы күннен.
Жауабын сайлап жатқа беретін,
Өліара шақта жаққан ел отын.
Жаңаөзен осы – Әнұранындай
Қазақ екенін мақтан ететін!
Сырға бір толы сыздаған әлем -
Жаңаөзен, жанға жыр жамаған ең!
... Қимай аттанып кететін кезде
Асығып жетем бұл қалаға мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу