Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  138


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

КЕШІРДІМ…

(Синельников бойынша)
Мен сүрінсем күлгендерді
Мені қас деп білгендерді
Менің аңғал қылығымнан
Жаулық іздеп жүргендерді –
Кешірдім!
Мені осалға санағанды
Маған сенбей қарағанды
Менің достық ниетімді
Төмендікке балағанды –
Кешірдім!
Аттап өтпек болғандарды
Маған қулық қолданғанды
Мына менің көмегіммен
Кісі болып оңғандарды –


Кешірдім!
Маған жәрдем бермегенді
Тілін безеп сермегенді
Менің оңқай істерімді
Теріс қарай жөндегенді –
Кешірдім!
Маған жала жапқандарды
Қадамымды баққандарды
Сенімімді қан жылатып
Аяқасты сатқандарды –
Кешірдім!
Атыменен Ұлы Алланың
Мен бәрін де құп алғанмын.
Аярлардан сан таяқ жеп
Жылап-жылап жұбанғанмын!
Жаным – жомарт, кесірім – кем
Періште енсін есігімнен –
Мен бәріңді бірдей көрдім
Сендер де енді кешіріңдер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу