Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  226


Автор: Аталық Әбдешұлы

ТІЛ ӘЛЕМІН БАРШАҢА АЛАП ЕТЕМ!

Қаламызда өткізілетін маңызды жинындардың орыс тілінде
жүргізіліп өткізілуі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Сондай
жиындардың бірінде мемлекеттік тіл – қазақ тіліне жанашыр жанның
монологы.
... Ата заңның талабын, салтын бұзған,
Жиналыстың үстінде талқы қызған,
Даусы шықты саңқылдап өр жігіттің,
Суырылған семсердей жалқы қыннан,
Қаны қайнап қамаған салқын сыздан:
«- Әуезіне жан қалмас балқымаған,
Қазақ тілі оқшау қап жалқыланған,
Баяндалған тілменен талқыланған,
– Бұл не өзі! Тілімді алқымдаған?


«Кәмелетке толса да тежелінген,
Талап ет!» – деп, ел тілін халқым қалған,
Бір сөзім бар, айтатын! Сөз бер маған!»
Залдағылар елеңдеп, ойын үзіп,
Қопарыла қарады мойын тізіп.
Көтерілді мінберге қыран жігіт,
Залды шолып бір сәтке көзін сүзіп,
Жәудіреген жүз пайыз қаракөзден –
Тұтанғандай бастады сөзін түзіп:
«- Қазақстан – біртұтас бөлінбеген,
Бөле – жарып, ешкімнен жерінбеген,
Мәртебесін тілімнің асқақтатқан
Ұл-қыздарын әйгілеп – Ерім! – деген.
Өздеріңмен жолынан кері теуіп,
Табан асты қойған соң тары сеуіп,
Тайғанақтап келеді тайпалған тіл –
Намыс кернеп өн бойын Ары теуіп!
Мәртебесін алғаннан сүрең беріп,
Мұз үстінде тартатын түрен беріп,
Тұлпар тілді тізгіндеп, бар жүгіне
Мәз боламыз несіне күрең1 жегіп?!
Келіспеймін: өз елін елсінбеген,
ұлы халық тіліне жерсінбеген,
өзге тілді өремен өзеуреген,
көзқаманмен, тілімді менсінбеген!
Өскін ұрпақ, мен кешкен тіл құқайын,
Бүгін, ертең, ешқашан көрмесін деп,
Мәңгүрттікке еліктеп ермесін деп,
Өзге тілді меңгеріп, өз тілімен –
Ешкімге де есесін бермесін деп,
Тілімізге қиянат келмесін деп,
Шөл кезеңнің «жемісін» термесін! – деп:
асыл сөзден өн бойын жарақ еткен,
өз қолымен әр қазақ қалап өткен,
Тіл әлемін баршаңа Алап етем!
Көкті тіліп самғаған ала бөтен,
Ғарыш тілге тілімді балап өтем,
Ғаламдасу адамзат бәйгесінде
Қазақ тілін білуді талап етем!
Талап етем және де талап етем:
Еуразияны сілкінткен дала тілін,
Фараби мен Абайдың дана тілін.
түркі тілдің діңгегі – дара тілін,


әрбір қазақ нәр беріп өрлетуді
талап етем бәріңнен, Ана тілін!»
Жанайқайын жеткізіп залға жолдау,
Көз жіберді, қайрыла күтіп қолдау?!
Намыс оты дуылдап, тарап әрі,
Әр жүректе жаңғырып аралады,
Айшықтала айтылған айдынды сөз –
Айбынымен сананы саралады.
Көрді сонда: нұр сәуле төгілгенін,
түн-түнектің көбесі сөгілгенін,
жамыраған жанарлар ұшқынымен
құшағына Намыстың өбілгенін.


 




1Күрең – аудармашы деген мағынада




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу