Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  130


Автор: Серікжан Қажи

Зекет туралы жыр немесе ауқаттыларға айтылар наз

 


 


Әлхамдуллах әлімсақтан мұсылманбыз иманды,


Мал-мүліктен артық қойған, иман-сауап жиғанды.


Шын –көңілмен қуанта алсақ, мұңға батқан бір жанды,


Көңіліміз көктем болып,  жүрегіміз нұрланды.


 


Әлхамдуллах мұсылманбыз, Пайғамбардың үмбеті,


Бұл Жалғаның түнек болса, жарық болар бір беті.


Құранымыз – қолымызда, жолымызда – сүннеті,


Бес парызы – пендесіне Жаратқанның нығметі.


 


 


Қияметтің күніне сен, Ораза ұста, Зекет бер,


Намаз оқы, Қажыға бар, Аллам өзі жетектер.


Дұға жасап, тілек тіле, Жаратқанға жалбарын,


Пенделіктен биік тұрсаң,  кідірте алмас бөгеттер.


 


Мың сан алғыс Иемізге, мал бітірген басыңа,


Артықпын деп өзгелерден, ісіп-кеуіп тасыма.


«Бар әлемді бір тарының қауызына сыйғызған»,


 Саған деген пейілінің түскендігі осы да.


 


Рас болар, пысықтаусың, өтімдісің өзгеден,


Бірді-екіге, екіні-төрт жасай білдің сөзбенен.


Табандысың, қулығың бар аңқауды алдап кететін,


Ақша табу қалай болсын,  мақсатың  бұл  көздеген.


 


Төрт құбылаң түгелденген, бүгінгінің мырзасы,


Нар көтермес атақ-даңққа бөленіп тұр бір басың.


Бай болу да Алла ісі, кім болғысы келмейді,


Қияметте теңшер бәрін, таразылар Кір тасы.


 


Байларға артық бір нығмет –  Зекет беру парызы,


Байлығыңда бар дейді Алла, кедейлердің қарызы.


Бөліс артық дүниеңнен,  қырықтан бір бөлігін,


Ақыретте кеніш болып қарсылайды тәрізі.


 


Зекетіңді міскінге бер,  жоқ-жітікке түгі жоқ,


Борышкердің қарызын жап,  бір басында мұңы көп.


Я болмаса құлды азат ет, қуант жетім-жесірді,


О дүниеде қорғаның сол, қолдар Иең Құдірет.


 


Зекет берсең тазаланар қораңдағы мал-мүлкің,


Жомарттығың ризық боп қайта оралар әрбір күн.


Пәле-жала, ауру-сырқау,  апаттардан сақтайды,


Аман-есен, сау жүргенің сауапы ісің,  ол мүмкін.


 


Арыласың  өзімшілдік, сараңдық жат қылықтан,


Тәубаңа кеп «шүкір» дейсің пенделікпен ұмытқан.


Жүрегің де тынышталар, көңілің де жайланып,


Бір ғажайып сезім баурар,  жан-дүниеңді жылытқан.


 


Түсінесің  «қолдың кірін»,  кете алмасын асып түк,


Бес парызы-жан байлығың, бір Аллаға ғашықтық,


Жаратқанға ғибадат қып, адалдан мал жинасаң,


Ұрпағыңның – ұрпағына бұйырады Нәсіп қып... 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу