Өлеңдер ✍️

  07.06.2022
  84


Автор: Сәдуақас Абдынасырұлы

БІР ҚАРЫНДАСҚА

Жанарында
пәк сезімі тұнатын,
Жан бар ма екен
сірә сендей туатын?
Сезсең еді
жүрегіңмен жаным-ау,
Мендегі ұлы
махаббаттың қуатын.
Сәл қағылса
сенің қиғаш қастарың,
Мен тағатсыз
бір күйге ене бастадым.
Сенің берген
сыйлығыңды ұйықтарда,
Мен қадірлеп
тек басыма жастадым.
Мен білмедім
бір Алланың қостарын,
Сезем бірақ
менде мықты дос барын.
Тек жанымды
ұқсаң болды сүйгенім,
Ұға алмадым
бұл сезімнің астарын.
Мені тартар
келбетің бар, сиқың бар.
Сезімді өртер
сенде ғажап сиқыр бар.
Нұрлы бейнең
көз алдымнан көлбеңдеп,
Түнде дағы
жатқызбастан ұйқы ұрлар.
Жаным менің
саған неге тым құмар?
Асау жүрек


тек өзің деп жұлқынар.
Мен сезімнің
жетегіне шырмалдым,
Жағдайым жоқ
өз-өзіме сын қылар.
Оңашада
қалған күні өткенде,
Төбем менің
көкке жетті өпкенде.
Бақыттымын
мен осыған, бақ құсым,
Тас төбемнен бір айналып өткенге.
Содан кейін
ұялапты ой көзіңе,
Ризамын не десең де өзіңе.
Тек тілегім
шын сүйетін бір адам,
Бар екенін
алсаң болды сезіне.
Адам деме
қалай өзі әлдебір,
Бұл ағаңның көңілі әлі өрде тұр.
Ләйлісіне ғашық болған Мәжнүндей,
Махаббатқа
басы айналған пенде-дүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу