Өлеңдер ✍️

  07.06.2022
  112


Автор: Сәдуақас Абдынасырұлы

ТУРА ЖЫР

Тәуелсіз елміз дегенмен,
Нарықтың келіп қыспағы
Биледі заман ырқымды.


Жан-жағымнан қаумалап
Жемсауы үлкен жемқорлар,
Жалаңдап бұзды шырқымды.
Ептілер елдің ырысын,
Көз бояп тапа-тал түсте,
Қазынадан ұрлап қымқырды.
Өтірікті шындай ғып,
Ақсақты көрсек тыңдай ғып,
Жолға да түстік бұлтыңды.
Әлдімен ауыз жалассаң,
Пара да беріп қыр ассаң,
Шаппады балта мұртыңды.
Жан-жағыңа жалдаңдап,
Есебін тауып екі асап,
Толтырдың майға ұртыңды.
Көлденең келген табысқа,
Бақыттан басың айналып,
Құшақтадың сосын сылқымды.
Ел үшін туған екпінді
Қыранды нағыз көзге ілмей,
Хан көтердің қыртыңды.
Жалаңдаған жалатай,
Жалбақтаған ала тай,
Жігерімді жойып, құм қылды.
Өз елімде алшаңдап,
Өкіреңдеп өзге ұлттық
Тұлымдымды тұл қылды.
Қайдағы бір әр түрлі
Жұмысқа жегіп ең ауыр,
Бұрымдымдықұл қылды.
Ғайыптан бас ауырып,
Төтеннен балтыр сыздаса,
Айта алмайсың қыңқылды.
Жағымсыз мұндай кей іске,
Бас көтерсе кейбіреу,
Жұмыстан қуып жым қылды.
Маңдай тердің өтеуі үшін,
Итаяқтың түбіндегі
Тиеді саған сырқынды.
Ащи ма жаның, ағайын,
Лажсыз қалған бейшара
Көргенде осы тұрқымды.
Қайрансыз жайға осындай,
Булығып іштей ызаға,


Көзімді сүрттім дымқылды.
Ел болам десең, алдымен
Елпілдеген етегіңе ие боп,
Бүтінде іш пен сыртыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу