Өлеңдер ✍️

  07.06.2022
  101


Автор: Сәдуақас Абдынасырұлы

О, АБЫЗ АҚЫН ҚАШАҒАНЫМ

О, абыз ақын
Қашағаным, киелім,
Талантыңа табынып бас иемін!
Асыл сөзбен асқақтата жырлаған,
Ақпа-төкпе жырларыңды сүйемін.
Мен өзіңнен
сөз құдіретін ұққанмын,
Жырларыңды жаныма үлгі тұтқанмын.
Адуынды адай жырын үйреніп,
Мен де сенің «шапаныңнан» шыққанмын.
Зүлфұқардай
жырларыңыз тым өткір,
Қырандайын қанат қаққан түлеп бір.
Өзіңе ұқсау қайда біздей пендеге,
Көңілдегі көрікті ойым - тілек дүр.
Жырлағанда жорғадайын тайпалдың,
Қайырымсыз бай меселін қайтардың.
Айтыста да айға білеп ауызды,
Орныменен Ізбасты да тойтардың.
Туып өстің сен де мендей жырақта,
Елді таптың ес жиған соң бірақ та.
Аңсап жетіп ата жұртқа әндетіп,
Салдың ерді жыр дүлдүлі - Пыраққа.
Туған жерің Ташауыздың аймағы,
Бұзылмаған онда діннің қаймағы.
Туған жерден таусылмайтын нәр алып,
Желбіреді жауһар жырдың байрағы.


Қадірлеген Қашағандай алыпты,
Жырын жаттап әкем жастай қанықты.
Сондықтан да сенің туған жеріңе
Әкем мені домалатып алыпты!
Қашағандай болсын деген тілегі,
Шығар бәлкім, мақсатын кім біледі?
Асқақ жырды аңсап әлде өзінше,
Бір нәрсені сезді ме екен жүрегі.
Мен білмедім, бәлки шығар жай қылық,
Көрген де жоқ бұл сыр маған айтылып.
Қашағанның жырын айтса, әкемнің
Жүрер еді жанарында ой тұнып.
Әкем менің біраз өмір көрген-ді,
Жыр айтуды жатқа терең меңгерді.
Қашекеңнің «Есқалиға айтқанын»,
Әкем бір күн жырлап маған берген-ді.
Кесір келін келіспеген сұтыны,
Көргеннен соң адам бұл деп жұпыны.
Сөз сойылмен төпеп ауыз аштырмай,
Тезге салған Есқалидай сұпыны.
«Қу ағаш» деп сөккенде дүмше молда,
Алдымен домбыраны алдың қолға.
Сөз бастап шариғатпен шымыр өріп,
Төпелеп топан жырды төктің сонда.
Кемшілікті көргенде ақын ба ыққан?
Білімді қай кезде де сөзден ұтқан.
Санамалап көрсеткен тап өзіңдей,
Қу ағаштың қадірін кім бар ұққан?
Заманның келбетіне етіп қайғы,
Толғадың өмір жайлы, өнер жайлы.
Дауылпаз дүлей жырлар төгілгенде,
Өр мінезге келеді сөзі сайлы.
Жырладың «Атамекен», «Адай тегін»,
Ықтырған асыл сөзбен талай теңін.
«Топанда» тасқын селді баян етіп,
Қопарған жасын жырдың таудай кенін.
Төгіп өткен нөсердей жер бетіне,
Тыңдайсың әрбір сөзін тербетіле.
Саф алтынан құйғандай әрбір сөзі,
Көрік берер кісілік келбетіңе.
Қашаған дүр сөзімен қадірі артық,
Жастарға болсын енді жыры сарқыт.
Төкпе жырдың қутын тап басатын,
Туса екен енді саған біреу тартып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу