Өлеңдер ✍️

  07.06.2022
  102


Автор: Талғат Қайбұллаұлы

АСТАНА – БАС ҚАЛА

Жаратқан нұрын аямай төгіп көгінен,
Тіктеген бойын Арқадай төрде кеңінен.
Астанам, сенсің қайсар қазақтың жүрегі,
Өр Қазақстан тыныстап жатыр сенімен.
Бас қалам, сені жырлаудан неге жасқанам?
Жас болсаң-дағы ілгері тұрсың басқадан.
Қаншама ұлт пен ұлыстың басын бір еткен,
Бейбітшіліктің айғағындайсың, Астанам.
Пирамидасын шеберлікпен соқтырған,
Бәйтерегіне алтыннан кірпіш тақтырған.
Шынында, сірә, бір күнде жырлау мүмкін бе,
Сұлулығыңды әлемге таңдай қақтырған?!
Елордам, бүгін басыңнан қалай бақ ұшпақ?
Экономикаң тұрған кезеңде қарыштап.
Дәл сендей ару қаласы барда біздің ел
Ең үздік елу мемлекетпенен алыспақ.
Бұқарша айтсам «бағаналы орда, басты орда»
Айналды бүгін қол жетпейтұғын асқарға.
Он бір жылдағы жетістіктерің нақ үлгі
Өзіңмен қатар өскелең мынау жастарға.
Асқақтығыңды қосатын әнге, жырға да
Ел үшін сенің мәртебең биік тұр дара.
Меніңше Лондон, Парижден ешбір кемің жоқ,
Нұрлы жолменен Нұр-ағам салған нұр қалам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу