Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  81


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Өзгелер мәнсап-жолмен жөнелсе өрге...

Өзгелер мәнсап-жолмен жөнелсе өрге,
Қалдың сен бұл аймақта не көрсең де...
Жақұтпен сырғанаған мына судың,
Ныспысын Алтынарық деген сен бе?!
Өзеннің толықтырып бойын көне,
Майшамша жылтылдайды шойын дене.
Зулудың көсеміндей алжапқышпен,
Тік тұрып, өзге жұрттың ойын бөле:
«Мен ғана, – дедің, – мұнда Күннен кейін...»
Жоқ шығар бөстіруге тілден бейім.
Күлдірлеп жартас, бұлақ алды біраз,
Жалаңаш сәбиіне күлгендейін...
Ауада жүр андыздап бірбет шіркей,
Су жатыр қарсы алдыда гулеп шілдей.
Күн болса, бағанаға шығып алған,
Төбеңнен түсіретін суретшіңдей.
Салқын жел, сары ала маң – күз білініп,
Шолады ақ қыранша түзді бұлт.
Су бойы жүлгелерден емтихан ап,
Тұрсың сен бір минутта жүз құбылып.
Гүлді аймақ жайған шақта көктен кілем,
Көңіліңді арбағанда өткен бір өң.
Жалғанды жалпағынан басқың келген...
Сол қиял тізгін бермей кеткен білем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу