Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  91


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ЖАБАЙЫ КЕПТЕРЛЕР

Арман жолынан ауылда жүріп кешіктім,
Қалаға көштім.
Бір нәрсе біліп көшіппін.
...Мөлдір Қусақтың сары топырақты,
ат жақты жары,
Жүз снаряд тигендей шұрық тесік-тін.
Жаласа жерді бұлттардың күлгін тілдері,
Қуанышымыз өлшеусіз бұл бір күндері.
Жабайы кептер қонатын жалпылдап ұшып,
Қонатын жарға құстардай «Мың бір түндегі».
Құс кебін киген көк жасыл перілер-сынды,
Алу үшін жүргендей менің есімді.
Ағаш қылышпен шауып мен сарыбас мияны,
Жағалаушы едім малтасы көрінер суды.
Жарқылдайтұғын қанаты көгілдір отпен,
қонса олар жарға қонатын көңілге көктем.
...Көк жасыл құстар – жабайы көгершіндер-ай,
Түсетін еді тікелей өмірге көктен.
Ақ малта қойын көк қойнау тағы да ақтарды,
қарсы алды Қусақ, қарсы алды ел жамырап малды.
Жабайы кептер жоқ қазір. Сары жар байғұс,
Жеңілген Берлин секілді қаңырап қалды.
Шұбырып алдан жүздеген баспанам өтті,
Көрдім мен содан көзімді жасқаған отты.
Жүрейін деген сүрлеуім жүрекке тиіп,
Сүрейін деген ғұмырым басқаға кетті.
Шет елге кеткен сол құстар келердей жасып,
Соларды жаздым – жырымды көрердей ашып.
Қаңтардың қарын жолдас қып, аптабын жаздың,
Табиғатқа болдым мен өлердей ғашық.
Асқан соң таудан бері қарай арайы беттер,
Талайы солар шөптердің, талайы көктер.
Бір ішегі жоқ шанақтай мүсәпірленем,
Есіме түссе көгілдір, жабайы кептер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу