Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  82


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ҚИЯЛ

Аспанға бел бала нұр, бері қара бір,
Гүлдеттің...солады ғой енді ана гүл.
Осылай бүр жарғызып солдыратын,
Содан соң ұйықтататын кең дала бұл.
Туғасын қайың-талды құрық етіп,
Бабамның бірі келген, бірі кетіп.
Өзгерер дүние ғой, мұны ойласаң,
Қалады төбе құйқаң шымыр етіп.
Жо-жо-жоқ, кешір мені, оны ойламан,
Дегенмен солай екен, солай, далам.
Ешқашан жаралмапты мәңгі жасар,
Осынау табиғатқа қолайлы адам.
Қауіпті ой ешкімді де жүдетпесін,
Күш қайда тоқтатуға шірет, көшін.
Әлемнен сонда-дағы бір сығалап,
Кетер ме ек екі жүздей жыл өткесін?!
Жоғалған шылбырыңа оралған мұң,
Біздерге қызметші болар бар күн.
Туған ел, алтын бесік, толғантады,
Бүгінгің, ертеңгің мен одан да арғың.
Жүйткіген жазда киік, қыста құлан,
Желпіген кеудеңді күй, күшті ағын ән.
Кәзірде ғарыш жаққа кісі ұшады,
Қыпшақтың ежелгі бір қыстауынан.
Кіреуке киген батыр күрең байлар,
Теңіз боп кетті бүгін бірер қайнар.
Тамаша өзгерістің көптігінен,
Ақындар нені айтарын біле алмай дал.
Жүрміз бе, жоқпыз ба әлде барынша ұнап,
Оларға жеткізді ме дарын шын-ақ?
Қайтар ма ек неше жүздей жыл өткен соң,
Қазақша қазақ тілі халын сұрап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу