Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  84


Автор: Жұматай Жақыпбаев

САЗДА

Желек, ну жібермейді желіңді кей,
Ауаға жұпар ағыс емінді ме, ей?!
Жалқаулау желпілдейді шөп шуласа,
Атқұлақ жапырағы тебінгідей.
Безді, әне құмырсқалар үй көшіріп,
Бұйрабас цыгандарша биле, шілік!
Оң қолды үнді құдай – қарандыздың,
Қалған ба басына алтын түйме шығып?
Бетке алып кетті шымшық құбыланы,
Осы иттің өзгермей ме ғұмыры әні?
Жә, қойшы...Погондардың оқасындай,
Сары бас жоңышқалар құбылады.
Аспаннан түсе алмай тұр тамызып ән,
Соны ұқтым бозторғайдың арызынан.
Әлде ана қалың қоға арасынан,
Хал-жайын сұрап тұр ма әбіжылан?
Жап-жасыл теңгесі айтып бірдемені,
Сәмбі тал көрсеткен жоқ күнге мені.
Сәйгел көп ызыңдайды айналшықтап,
Сақбайдың бұзауы деп жүр ме мені?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу