Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  91


Автор: Ислам Қосжан

...Саған

Болса деп ем...
Жалғыз әнім,
Ертегідей қиялым ба?!
Саған арнап жыр жазамын,
Атын басқа қоямын да.
Сыйластықты бұзбағаным,


Бақыт болып қонбасаң да.
Басқа көзден қызғанамын,
Маған көзді салмасаң да.
Жоқ батылдық,
Жігерім де,
Сүю арман гүл ерінді.
Жүрегіммен сүйемін де,
Ауыртамын жүрегімді.
Қиялымнан түлеп шығып,
Жырмен саған тіл қатамын.
Саған бақыт тілеп тұрып,
Бақытымды ұрлатамын.
Мәртебеңе басты тігем,
Өтем жырмен биік қылып.
Барлық қызды жақсы көрем,
Сені жалғыз сүйіп тұрып!
***
Жүректі кімге емдетем?!
Қиыр да-шиыр,
Жүрістің шағы,
Бос жүріс деп те айтпаймын.
Жүрекке жақын шығыстың сазы,
Хафиздан өлең жаттаймын.
Мереке десем -
Күнімнің сәні,
Алданыш одан таппаймын.
Тамаққа тиіп шылымның дәмі,
Һайямның жырын мақтаймын.
Зарлыққа ұқсап,
Жырымның бәрі,
Мұңлық деп, саған ат қойдым.
Түсіме кіріп,
Ұғындым тағы...
Сол күнді бірақ, жоқтаймын.
Қиналған жанды,
Сөйте ме екен?
Қимаған әнді шерттім мен.
Махаббат деген,
Күлкі ме екен?!
Көзімнің жасын сүрттім мен.
Шын сұлулықтың,
Күлкісі бөтен,
Сұлулық емес -
Көп күлген.


Бәріне көну мүмкін бе екен?
Қолымды сілтеп кеттім мен.
Тұсынан өтсем,
Күрсініп өтем,
Болмай ма одан шет жүрсем?!
Бақыт деп білген,
Бір түрлі екен,
Бақытқа қашан жеттім мен?!
Сағыныш сазы түнепті түнге,
Қауызын әлі ашпаған.
Емдетем айтшы жүректі кімге?
Шырынын сығып тастаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу