Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  93


Автор: Ислам Қосжан

Сурет

I
Жанары жанға жайлы күліп қарар,
Жүрекке жылы тиген қылық та бар.
Керме қас, ақ маралдай керілгенде,
Жүзген Ай,
Көкті керіп тұрып қалар.
Саз ғұмыр жүрегінің дүрсілі де,


Ажары гүлдің жарған бүршігінде.
Қасынан іле жүріп қараған жан,
Ілініп, сынып қалар кірпігінде.
Жап-жазық шұғылалы ақша маңдай,
Ақ дәптер бетін әлі ашпағандай.
Жаратқан суретті салған кезде,
Шабытын осы жерден бастағандай.
Құлаған ақ тамаққа иек әсем,
Ойнаған ақ сазанды білек десем.
Тәйір-ай, сені ешкім жүрек демес,
Орныңнан бір қозғалып, дір етпесең!
Жүргенде жүрісінен жел еседі,
Жер түгіл, дүниені тербетеді.
Көзіңе жұмағыңды елестетер,
Көлбеңдеп көйлегінің зерлі етегі.
Көз нұрың сұлулықтан сүрінеді,
Алыстан қоc жанартау білінеді.
Сыртына атын жазған осы сурет,
Төріне қай жүректің ілінеді?!
II
Жұлдыздардың жарығына жуынған,
Әппақ Айдың сәулесіне шомылып.
Қара Түннің,
Көзі тастай жұмылған,
Ес қалмаған,
Паң кескінге жолығып.
Айнала гүл,
Аңқыған нұр,
Гүлістан,
Осы шығар,
О, дүние,
Гүл бағың.
Жорғалардай,
Су төгілмей ыдыстан,
Қайталайды сазды әннің ырғағын.
Қолаң шашы,
Биік жарға өрмелеп,
Сәуле шашқан,
Аққу мойын,
Ақ маңдай.
Құмыраны иықтағы қол демеп,
Сұлу мүсін судан келе жатқандай.
Дүниені,


Асты –үстіне түсіріп,
Жанар қандай?
Жанардағы от қандай?!
Кірпігіне қалғаныңмен қысылып,
Жұмсақ тиген,
Қою қара мақпалдай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу