Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  117


Автор: Ислам Қосжан

Дос дейді ғой...

І
Күн түсірмей,
Көлегейлеп жүргенге,
Сен жүресің қамқорлық бар іргеңде.
Мен жүремін сынықтарын шашылған,
Жинай алмай,
Сен жарқылдап күлгенде.
Доспыз дейсің,
Дос дегенде жатса мұң,
Торланады көңіл деген аспаным.
Қыз бен жігіт арасында болмайды,
Нағыз достық, басқа мағына,
Басқа ұғым.
Дос дейді ғой,
Бұл сөзіне көнем бе?
Соқыр дос па, кереңге?!
Сандырақ ол, түсінгім де келмейді,
Шын сүйгендер қызғанбайды дегенге!
Болғанымен дос-тілеулес жат көзге,
Болған емес,
Достық деген, жоқ бізде.
Менің егер көзімменен қарасаң,
«Достық» деген көпіріңнен өткізбе.
Бір өзімдей бола алмайды бар кісі.
Күн есімді жүрегімнің жалқысы.
Қоштаса алмай,
Достаса алмай тұрдым мен,
Жүрегімнің ішке тамып тамшысы!
ІІ
Келмесі айдан анық,
Аспанда Айдың,
Өзінен өзім кейде қашқандаймын.
Барады барлығы да аяқталып,
Сондықтан мен ешқашан басталмаймын.
Келмесі болды мәлім,


Аспада Айдың,
Сәулемен қоса маған шашқандай мұң.
Бір досым болып еді...
Кетті ол да,
Мен енді ешкіммен де,
Дос болмаймын.
Бір сырды айтпақшы едім...
Досым жайлы,
(Досынан сырын ешкім жасырмайды)
Көңілден қалған көңіл,
Балшық емес,
Сүт қосып илесең де қосылмайды.
III
Мен өлмедім,
Өлмей қалдым сенер ме ең?
Тірі қалдым,
Жай түскенде төбемнен.
Қансыраған жүрегімді жаралы,
Келем енді емдесем деп өлеңмен...
Ауыр болды,
Бәрінен де жол бүгін,
Сен де мендей сорлысың-ау сорлы күн.
Бағыты жоқ,
Жараланған жүректі,
Алып шықса -
Алып шығар бол жырым!
Қиын екен,
Тегіс жерде сүрінген,
Бордай болып үгілген.
Бар жаныммен өлеңіме сүйеніп,
Сүйреп келем,
Жүрегімді бүгін мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу