Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  305


Автор: Ислам Қосжан

Тараздың қызы Гүлназға

I
Бұрауына түсіп тұрған бір саздың,
Күн көркіне сөз жете ме Гүлназдың?!
Хафиз жазған аруындай Шираздың,
Сұлу қызы Тараздың!
Бәрі осы.
Біраз қайғы,
Біраз мұң,
Таңды-таңға асырады ұйқы аз күн.
Ұмыттырып ақ күлкіні іздеген,
Тек жымиып қарағаны Гүлназдың.
Ерке көктем,
Ерте келіп Тараздың,
Ерте жеткен,
Ерте кеткен саны аз күн...
Көктем деген ешкімдікі демесең,
Көктемі ол - Гүлназдың!
Бірге жүрген,
(Бақытты күн!)
Біраз күн,
Тәттілігі кімге жетсін сол аздың?!
Сұлу қызы, ару қызы Тараздың,
Сағыныштан саған арнап жыр жаздым!
11
Ақын жаны мұңаяды


Неге жүдеп?
Сезетіндей бір сырды жүрегі тек.
Қызға оқып алғашқы өлеңін де,
Оқып берді досымның өлеңі деп.
Дегені көп...
Шын бақыты жазылған өлеңі боп,
Тылсым күштер,
Тағы да Аспан, Әлем,
Жұлдыз жайлы өлеңі,
Себебі жоқ!
Жарып шыққан секілді өзегін от,
Біте-бірте барады өлең үдеп.
Қыз тыңдайды өлеңді жүрегімен,
Одан басқа бақыттың -
Керегі жоқ!
III
Таразда жасыл орманОсы қорған,
Бұлттардай,
Жамбыл таудың басын алған.
Мен сені сағыныштан жырға қостым,
Өйткені,
Сенде менің досым қалған.
Кім дейсің Гүлназ емей?..
(Қасында арман)
Жүректі,
Сол досыммен қосып алған.
Гүлназды Айдан биік көтерем деп,
Таразда досым қалған...
Ділдә ханым
I
Шымқаланың,
Күнгейі күнде сағым,
Сағым орап ұшады күрке тамың.
Сая болмай,
Саялы сая бағың,
Шөл басайық сол тамнан,
Ділдә ханым.
Неге жақтың?
Сезімнің білте шамын!
Неге тәттім, қош деді?
Қызға мәлім!
Жалын орап өртенер күрке жағың,


Ділдә ханым.
Шымқаланың,
Күнгейі күнде сағым,
...Күнде шалың өргізер күнге малын.
Қаздар айтып барады күзге әнін,
«Қаздар қайтып барады...»
Ділдә ханым.
II
Шымқалада,
Қалған бір сыр болатын,
Отырады сол бетті...
Жырлап ақын.
Күндізі от,
Түні де нұрға жақын,
Ділдә ханым.
Пісіп тұрған алма бақ,
Күзге салым,
Таныс соқпақ,
Таныс қой... бізге бағың.
Және де мөлдір жаның,
Ділдә ханым.
Менің күнім еді ол,
Сізге мәлім,
Мен жұтатын ауаға сіңген әнің.
Ойға түссе,
Әлі де қызғанамын.
Ділдә ханым.
Шымқаланың ,
Күнгейі күнде сағым,
Сол сағыммен кеткен де бірге жаным.
Төлеген де қоштасқан,
Алты қазбен,
Қоштасармыз...
Таң атсын.
Ділдә ханым.
III
Шымқалада,
Сол жылы күз болатын...
Ақын жазған,
Өлеңмен қызға хатын.
Өлең жазып,
Өлеңге атын жазбай,
Шимайына мәз болған біздей ақын.
Сылдырындай су жатты сырғасының,


Ақын ғана айтатын суға сырын.
Сол мықтың да, әрине,
Біз болатын,
Өлеңдері көрмеген бір басылым.
...Сыр ақтарған жылдарым,
Жыр ақтарған,
Енді орамал кім былғар,
Бірақ саған?!
Күндерім-ай жылуын қайырмаған,
Өлеңім де сол қыздай қымбат маған.
...Алма исі аңқыған күзде бағың,
Ұрылардай қараушы ед, бізге шалың.
Бізден қартың қызғанса алма бағын,
Мен өзіңді өзгеден қызғанамын,
Қайтейін?..
Ділдә ханым.
IV
Қиялым бір қарбалас...
Кетер көкке,
Бақыты -
Елесіндей шырын шақтың.
Өзімді орап тұрып шекер сәтке,
Сезімді сен арқылы сұлулаттым.
Тілсіз де кетер едік ұғынып та,
Дүние сені көріп өзгеріпті.
Айтсын деп,
Мадақ сөзін сұлулыққа,
Өзіңмен тілдесуге сөз беріпті.
Көзім де,
Жоқ ... сезімім, көз ілмейді,
Алдымен саз ғұмырлы сөз келіпті.
Сұлулық ғашық болмай көрінбейді,
Көрсін деп,
Маған сені көз беріпті.
Сәуле бұл,
Дәл жаныма тиіп кетіп,
Айтуға тіл де жетпес,
Ай көрікті.
Қиялын жүрсін деді-ау биіктетіп,
Тағы да ойласын деп, ой беріпті.
Тылсым күш,
Көктен түскен өлең шығар,
Сап-сары сағынышым көгеріпті.
Өзіңді жырлап өтсін деген болар


Мені де ақын қылып жіберіпті!
V
Он екі бет,
(Өлең)
Бір дәптер,
Ішінде жатқан ән қайнап.
Сені де білем...
Тыңдап көр,
Кеудеңде тұрар жалт ойнап.
Он екі бет,
(Өлең)
Жыр дәптер,
Одан соң қанша жол жүрдім.
Сені де білем...
Кей сәттер,
Кешесің кейпін сол күннің.
Сол күнге жаным шөлдеп жүр,
Парақтап ашсам дәптерді.
Алма бақ тағы гүлдеп тұр,
Есіңе салып өткенді.
Тулатып бойда қаныңды,
Уызы тәтті жырдың да.
Қызғанып алма бағыңды,
Жап-жас ақынды қудың ба?
Енді кім мұны шешеді,
«Тартылыс заңы...» ашпаған.
Іздеймін қартты кешегі,
Күзеткен бақты басқа адам.
Әр жолы тұрған тармақтай,
Атызда өлең тулайды.
Елейтін бізді жан жоқтай,
Ешкім де бізді қумайды.
Ақынмын әзір жоқ атым,
(Жас ақын десе, таңданам.)
Бұрын да солай,
Бұл ақын,
Аты жоқ өлең жолдаған.
Орамал былғап тұратын,
Елесің ғана қалмайды.
Қазір де солай,
Бір ақын,
Аты жоқ өлең жолдайды!..
VI


Сен басқасың,
Қарау керек басқаша,
Кез-келгенің көрінбейтін көзіне.
Гүл де шөптей,
Қауызын жарып ашпаса,
Хош исімен тартар ма еді өзіне?!
О басында,
Тапқан сені адаспай,
Ол дегенің сәттер болар қас-қағым.
Гүлді иіскеп көрші өскен ағаштай,
Мен де мүмкін,
Ой көзіне басқамын.
Жұрт көрмейді,
Мен көргенді,
Басқасың,
Сұлулықтың тұратынын ағыстан.
Ұмтылады жұрт қауызын ашқасын,
Хош иіс емес -
Шаң ұшқан.
Ойлағанға дүниенің үміті,
(Білмейді олар)
Тұратынын талшықтан.
Гүлдің нағыз жұпар исі менікі,
Үндемеймін сондықтан!
Айналаны гүл ораған,
Нәрі мұң...
Неге екен, осыған таң қаламын?
Кешіктіңдер тағы міне жарығым,
Кешіктің-ау қарағым!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу