Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  133


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ТУҒАН АУЫЛДА

Ауылым көп үйлі нұрлы бақ,
Көшелер торғынға оранған.
Мен мұнда қиялым бұлдырап,
Сан кетіп, сан рет оралғам.
Плащты қарыма іліп ап,
Жап-жасыл қақпаңнан кіргенде,
Жүрегім балаша зымырап,
Жарыла жаздаймын күлгенде.
Басымнан сейіліп бар тұман,
Салған шақ бір ғажап тау іші ән,
Түтінмен қалампыр аңқыған,
ап-жасыл бақытпен қауышам.
Мен келіп дүкенге ел толғанда,
Ақсақал айтады азулы,
Қайткенде ең үлкен «жорналға»
Битайдың кер атын жазуды.
Тар жолда тақылдап біз өкше,
Сымбатын барынша түзеткен,
Сулығы сусылдап қыз өтсе,
Бас изеп бір түрлі ізетпен.
Дей ме екен оңаша естісін,
Жан сырын естіртпей топқа көп,
Налиды жымиып кешкісін,
«Ләйләдан сұлу қыз жоқ па?» деп.
Ал үйде жүздері күлімдеп,
Дауыстар басылмай үш таңға,
Хисап жоқ түнімен дүрілдеп,
Жігіттер беретін нұсқауда.
Сыншылар ат кетер шамада,
Бәйгеден қайтсе де келетін.
Жүйрік пен шабатын балаға,
Осылай тапсырма беретін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу