Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  90


Автор: Ислам Қосжан

Мен саған ғашық болмасам...

І
Үзілмей тұрған тілек қой,
Өзіңе үміт жалғасам.
Түндерде толқып,
Үдетті ой,
Лапылдап тұрып,
Жанбасам.
Лүпілдеп соққан жүрек қой,
Сен жайлы жырды толғасам.
Дәл сендей шабыт,
Керек қой,
Мен сендей тасып,
Толмасам.
Десе де,
Орның бөлек қой,
Көгілдір әлем,
Ол да әсем.
Бәрі де бекер,
Түнек қой,
Мен саған ғашық болмасам!


 


II
Кеудемді тосам деп,
Іркіп келіп ем.
Мауқымды басам деп,
Кілкіп келіп ем.
Жапырақ жайып тұр,
Толқынның бүршіктерінен.
Айтпаймын осал деп,
Сілкіп көріп ем.
Суыңды шашам деп,
Бүркіп көріп ем.
Теңізде тамшы тамып тұр,
Толқынның кірпіктерінен.



III
Теңіз бе, ей,
Мынау шалқыған?!
Аспанға шашқан моншағын.
Тереңнен жатқан тартып ән,
Құмары болған баршаның.
Алдыңнан шығар жағалау,
Шағала қанат жайып бар.
Көтерген биік ақ жалау,
Желкенін желпіп қайықтар.
Қасқайып желдің өтіне,
Толқыны – ұшы жебенің.
Өрілген өрнек бетіне,
Осы ма, теңіз дегенің?
Қарадым тағы болып таң,
Бір күштің барын сеземін.
Дүние келмей тобықтан,
Теңізді кешіп келемін.
Биіктік мұнда шектелсе,
Тереңдік жатыр өлшенбей.
Өзендей ағып өткенше,
Толқысам деймін мен сендей!



IV
Сылдырындай шолпының,
Сұлулықпен табысып ем.
Толқының қайда?
Толқының,
Аққудың әні сіңген.
Толқымай жатты көк теңіз,


Қалдың ба бір сәт ойланып?!
Төңірек біткен теп-тегіс,
Тыныштық күйге айналып!
Сабырлы қарттай қарайсың,
Маңайды түгел шолып кең.
Кеудеңде қалсам абайсыз,
Кемпірқосақ болып мен.
Арынды толқын қайда деп,
Жағаңа келдім іздеп шын.
Төңкерілген Айды әкеп,
Төсіңде сенің жүзбекпін.
Сезімді келдің үрлеумен,
Жаттығың жоқ қой, біргемін.
Өзіңдей дауыл жыр кеудем,
Тоғыз балл аңсап тұр менің.



V
Дәл тауып перне басқанда,
Сұлулық жатыр ән салып,
Ән тамып,
Қара тастан да,
Мен тұрмын соған тамсанып.
Жұмақ па?
Ах-хау дегізген,
Жүректің көркем абаты.
Жылы леп соққан теңізден,
Желпіген аққу қанаты.
Нұрланып сырмақ самал кеш,
Зерленген әнмен өңірім.
Ақ тамақ мінсіз,
Қайқы төс,
Шағала – аппақ көңілім.
Арманда көрген,
Көрмеген,
Толқындап кеткен тасып ой.
Теңізде тұрып шөлдеген,
Әсемдік деген осы ғой.
Егіліп жеткен өмір ме?
Төгіліп кеткен бұл маңға.
Сыйсын ол қалай көңілге,
Әлемге сыймай тұрғанда!
Теңіз ғой осыҚұдірет,
Жапырақ – толқын көктеген


Аумағы үлкен сүгірет,
Бояуы әлі кеппеген.



VI
Самалы құшқан есіліп,
Мәуелеп ұшқан наз қоңыр.
Сол Теңіз жатыр көсіліп,
Кеудесі толқын,
Саз ғұмыр.
Теңіздің бетте меңіндей,
Шомылған суға Айперім.
Сұлулық тұрған төгілмей,
Төгіліп кетсе қайтемін?!
Сәулелер билеп сылқым би,
Күн нұры түскен жұмақтан.
Домбыра – Теңіз,
Толқын – күй,
Ағылып тұрған шанақтан.
Сезімнің кілтін тапқандай,
Көзімнің ақ пен қарасы.
Тереңі ойлы қарттардай,
Базарлы жастық жағасы!
...Жағада шалқып келемін,
Толқында – толқын тасып ой.
Теңіз бе?
Теңіз дегенің,
Күмбірлеп жатқан осы ғой!



VII
Теңізге келсең жағада,
Толқынның зерден шашағы.
Ақ гүлдей аппақ шағала,
Қауызын көкте ашады.
Теңізге келсең керемет,
Сұлулық -
Саған шөлдейді.
Толқынды қойған сөрелеп,
Биіктен түскің келмейді.
Теңізге келсең төңірек,
Саз ғұмыр -
Үні сырнайлы.
Сәл бассаң толқын еңіреп,
Сұлулық жайлы жырлайды.
Таппайсың іздеп бір қылау,
Бұлт та жоқ тұрған түнеріп.


Моншақтар таққан түн мынау,
Теңізге отыр сүйеніп.
Мақпалдай жұмсақ түнгі аспан,
Әлем де ғашық -
Ынтызар.
Алыстан үнсіз сырласқан,
Жамырап сансыз жұлдыздар.
...Сол түнде үнсіз келемін,
Бір ойды бір ой қозғаған.
Алыста жүрген кеменің,
Түйедей үні боздаған.



VIII
Зерленген шашақ алтыннан,
Теңізге Күн де құлады.
Шағала – ақ нұр,
Алдыңнан,
Қайқайтып төсін шығады.
Билесе бір сәт жағаны ой,
Биіктен құлап ән жеткен.
Толқыны сыршыл сала ғой,
Сәулесін Айдың тербеткен.
Шағала Теңіз еркесі,
Толқында тұрған желкендей.
Жүректі сен де өртеші...
Кімдерден қалған өртенбей?!
Дуылды күндер,
Өтті той,
Тоналған жандай кеудем бос.
Жастық шақ ол да кетті ғой,
Кешегі бірге жүрген дос.
Шөліркеп жүрген жанымды,
Бұл күнде деймін ұғар кім?
Жап - жасыл гүлзар бағымды,
Алдымнан алып шығарсың?!
Ғашық боп қостым өлеңге,
Тапсын деп көңіл құмарын,
Аққуды көрдім сенен де,
Таппаған іздеп сыңарын...




Маңайды түгел ән қылып,
Атады ерте таң күліп.
Осында міне қозғалыс,


Жататын тынбай мәңгілік!
Нұрына күннің жолығып,
Көк Теңіз жатыр шомылып.
Қанатын қаққан шағала,
Хаттардай жеткен сағынып.
Жоқ мұнда,
Жоқ қой,
Жоқ аспан,
Теңіз ғой көктен әрі асқан.
Ақ бұлттар -
Аппақ аққулар,
Ұшам деп жүріп адасқан.
Жүрсем де сені сүйіп мен,
Көз салсам шіркін биіктен.
Көк Теңіз осы аспанды,
Көтеріп тұрған иықпен.
Ән тұнып тұрған маңайым,
Жан десең қазір жанайын...
Тоғыз балл соққан Теңізді,
Төсіммен тосып алайын.
Таң қалып тылсым құдыретке,
Дір етсін асау жүрек те.
Ілініп сосын қалайын,
Айвазовский салған суретке!



Х
Шағала – ақ парақтар,
Сөйлемде – көзі нүкте.
Қанаты – жазған хаттар,
Қалғандай сөзі көкте.
Күн нұры келген жері,
Сәулесі Айда жатыр.
Жазылған сөйлемдегі,
Аяғы – қойған үтір.
Толқыннан ән шашырап,
Тарайды асқақ үні.
Көк Теңіз – нән жапырақ,
Шағала – аппақ гүлі.
Бәрін де шайқап әсем,
Күн нұрын өріп тұнық.
Түспесем қайтер екен,
Суыңа,
Келіп тұрып.


Жұмақтай,
Байтақ өлкем,
Жарасқан көріктілік.
Мен ертең қайта келем,
Жағаңа келіп тұрып.
Алтын Ай айнам десең,
Сен тұрсың еліктіріп.
Жағаңда айтам өлең,
Кеудемді керіп тұрып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу