Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  99


Автор: Ислам Қосжан

Су Перісіне сыр...

I
Ей, Перизат,
Ойнақ салған Теңізде,
Ойлағандар дейді екен мені кім?
Жұртқа мына жынға үйір дегізбе,
Деп жүрмесін, салқыны бар Перінің.
Көптеу десең,
Жағадағы тұрғанды,
Ол да жұмбақ өзіме!
Білемін мен,
Жақсы көргем бір жанды,
Жүрегіммен езіле.
О, Жарқылым,
Асыл ән!
Ол да менің көкірегімде тұншыққан.
Бақыт деген...
(Сенен несін жасырам.)
Сырт айналып,
Маған десе қырсыққан.
Ех, жанымды түсінетін жан болса,
(Бірақ сенің қатысың жоқ оған да.)
Аспанымда жұлдыздан нұр тамғанша,
Күтем...
Кетем, орынымнан тұрам да!
Таң атсыншы,
Көрмегенді көресің,
Іздеме сен,
Жоқты мен де іздемен.
Түнде жүрген болсын менің елесім,
Кешір енді...
Адамбыз ғой біз деген!
II
Басыңнан пенде ғұмыр кешіргенің,
Сыр айтып,
Маған тағы есілгенің.
Теңізде қара түннен жарық көру,
Дұрыс па екен осы есім менің?!


Тағдыр ма?
Аямаған сені, мені,
Шексіз ой Теңіздей боп көрінеді...
Перінің мұңы бар деп кім ойлаған,
Ащы жас тас моншақтай төгіледі.
Айтпаған басқа түгіл қасына сын,
Әніме Пері неге қосыласың?!
Қайғыңа ортақ болу қолдан келмес,
Сенің де жаның маған ашымасын.
Айып па білмегенді сұрағаным?
Ештеңе өзгертпейді қарағаның!
Жыласа жүрегі бар жылаушы еді,
Бұл қалай?
Пері болып жылағаның.
Қойғанмен дүниені жұмақ қылып,
Кеудемде жатыр менің сұрақ, күдік.
Мен сені қалай ғана жұбатамын,
Өзім де жылап тұрып?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу