Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  103


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ЖЕТІ ПЕРІ

Жыланшық шөбі хиппидің шашынан қалың,
Күзеп бітірдік көл жақтың жасыл аңғарын.
Есмағамбет шал тіркеуші жеті қызды да,
Арқадан қағып, сипады басынан бәрін.
Жұмыстан қайтқан қыздардың қоңыр әні көп,
Күлдірлейді-ау бір құлынның қоңырауы боп,
Су құмар жетеу толқынды «Аһпішулетіп»,
Ернін көгертіп, күміске шомылады кеп.
Судан шықса олар ақ көлдің арнасы кеміп,
Қайтадан кірсе, толқындар жар басын өбіп,
Сиыр айдаған ақсақ шал жерге түкіреді,
Сұлу қыздардың шыт қаптан алмасын көріп.
Шалпылдатады, ақ көлді тасырлатады,
Су да шашады, құм айдап, тасын да атады.
Жынды боташа құтырған жеті періге,
Бригадирліктен биліксіз басым қатады.
Мен бір жақтан қап алтын ап келетіндей,
Қаумажалайды, қауышқанымды бақ көретіндей.
Әрқайсысы да ойда жоқ оңаша қалсаң,
Ойлана қалады гроссмейстрге шах беретіндей.
Ертеңгі трико кешкісін ала сәтен боп,
Жүз құбылғанда жетеуін тамаша етем көп.
Біреу ұрысса, бәрі кеп маған тығылады,
Ақымақтықты асқақтық сабаса екен деп.
Жеті перінің айтатын әні көп еді,
Бәрі де айтады, әйтпесе, бәрі «көреді».
Неше жыл өткен соң жан-жақтан «Басекелеген»,
Жеті сол дауыс құлаққа әлі келеді.
Қиқулап өтсе қаздардың азаны аспанда,
Қараша келіп, қонаққа қазан асқанда,
Жеті пері қыз жүр ме екен «Басекемайлап»,
Жастарын сүртіп, жарлары жаза басқанда?
Мас етер өмір, көркімен мас етер аймақ,
Жылыстап, жылжып, көрікті ұрлап, жас өтер айлап.
«Басекемайлап» күліңдер қайда жүрсеңдер де,
Жеті періште, жылама «Басекемайлап».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу