Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  101


Автор: Жұматай Жақыпбаев

УӘЛІБАЙ МЕШІТІ

Аптапқа қақталғанмен төбесі ұзақ,
Түсірсін мезгіл оған неге сызат!
Жаркент ғимараты – Уәлібайдың,
Мешітін салыпты ұста шегесіз-ақ.
Халықтың көз жауын ап көне өнері,
Бас шайқап бүгінгінің көреді елі:
Сәулеттің ақ өлеңі, әуелеуі –
Қиюы құйылғандай бөренені.
Қонған-ау өнерпазға азапты бақ,
Өнер тұр өзі де өр қазаққа ұнап.
Жердегі жеті ғажап бірі емес бұл,
Санатта жоқ, ғаламда ғажап бірақ.
Қажырлы, қайтпас дарын әр елде көп,
Әркімде әдіс басқа, мәнер бөлек.
Шеберлер, шегемен бе, шегесіз бе,
Әсемдік әл-қуатын дәлелдемек.
Ақылын жақыны алмай, жат тыңдаған,
Хас шебер алтын саусақ тапқыр да адам.
Шегені лақтырған ғой өрлігінен,
Әйтпесе, қаға алмаудан лақтырмаған.
Ғажапты ел құлағы елеңдерлік,
Естісек, көрсек, біз де кемелдендік.
Қолынан өнер келген ұл бір бақыт,
Тілеу де шеберге өрлік – кемеңгерлік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу