Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  124


Автор: Жұматай Жақыпбаев

МАХАМБЕТ ӘНІ

Сауық та сын, ойлар да, сайран да сын,
Ауызекі дәріпке айналмасым.
Қажып, талып барасың төменшіктеп,
Ханға сәлем бермейтін, қайран басым.
Адас тағы...
Амалсыз жанасқалы,
Арманыңмен кей арам санаспады.
Қаншама рет сыртыңнан күйе жақты,
Қаншама рет алдады, аластады?!
Қайран басым, қайғысы, сесі де ерен,
Өзгелердің өзіңді есі көрем.
Қолға түссең, ең биік дарға асылып,
Қыл мойыннан қиялай кесілер ең.
Керім едің, керімнің өрі де едің,
Шулайтындай қой-қойлап төңірегім.
Кең далада кесілген басымды ұстап,
Келе жатқан адамдай көрінемін.
Атағы, әлі, әр түрлі аталары,
Аталары әр елдің, сақалары.
Әркім басын көтеріп өмірінде,
Әлі жеткен жеріне апарады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу