Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  108


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Таңдай қызыл, құмдай сары, шымдай көк...

Таңдай қызыл, құмдай сары, шымдай көк –
Сан бояулар садақ сапша сынбай кеп,
Жерге иілді – романтик ақынның,
Қиялының траекториясындай боп –
Кемпірқосақ – аспан төлі көктемгі,
Меңзеді де мекенім деп көк белді,
Көзімді арбап, көкірегімді қуантқан,
Лезден соң, ізім-қайым жоқ болды...
Ғайып болды жаңбыр соңы – салқын да,
Таңдай таза таңғажайып қалпында.
Елесі бар, денесі жоқ, енді өзі
көрінбесе, көре алмайсың алтынға.
Сен де сондай көз қуантар жан едің,
Бір көріндің, көріндің де, әдемім,
ғайып болдың, ғашық жүрек сандалып,
Талып іздеп таба алмай жүр әлі емін...
Көк сиқырын, бүгін бір сәт аймағым
көрсеткен соң, ұмыттым да қайғы әнін.
Кемпірқосақ тұрған тұсты нұсқадым,
«Анау тұрған әпкесі, – деп, – Ләйләның».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу