Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  80


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Қиялым едің қаршадай кезден жастанған...

Қиялым едің қаршадай кезден жастанған,
Көретін болдым өмірден енді түрлі сын.
Сүюден сені жоқ еді менде басқа арман,
Қылыққа сол бір қызығып, күліп жүрмісің?
Күле ғой, жаным, күрсініп шыққан өр үнге,
Гәнжәуи жазған жырдағы қызбен аттас ең.
О, Ләйлә, егер болмасаң өзің өмірде,
Басқа мұратты бас қатырсам да таппас ем.
Арманшыл жанның бәрі де қиял мол шақта,
Жандарын өртеп, түсетін шығар отты ізге.
Махаббат даңқын шығарар ақын болсақ та,
Өмірде, мүмкін, сүюден опа жоқ бізге?!
Дегенмен, кейде телміртіп әрбір асылға,
Жаныңды жұлып, жадағай үміт тонайды-ақ.
Басымды сипап басқа бір қыздың қасында,
Далаға қарап отырам сосын сені ойлап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу