Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  213


Автор: Асқарбек Бектемісов

Бәрімізде бұл өмірдің қонағымыз

Жан емеспін өмірде талғамы көп,
Бұл сөзімнің арасында жалғаны жоқ.
Бөлінгенді ортасынан бөрі жеген,
Дараланып жүлдені ешкім алғаны жоқ.
Бастау алған өмірдің бұлағынан,
Жаңғырып санамда әдемі тұрады ән.
Түсінбей жүр өмір жайын кейбіреулер,
Түсінеді оны өткендер өмір сынағынан.
Жөргегімнен мені үйреткен адалдыққа,
Адалдығым бастырмайды жарамдыққа,
Түсінбеймін, келмейді түсінгімде,
Жандарды жалтақтайтын жамандыққа.
Бұл өмірдің біз білмейтін сыры теңіз,
Онда менің шаттығым мен мұңым егіз.
Алпысқа келгеніммен көп екен білмегенім,
Мүмкін бе білу оның сырын тегіс?!
Өмірде бар адамдар жолынан адасқандар,
Оқырмандар бұл сөзіме таласпаңдар.
Келген жоқпыз бұл өмірге адасуға,
Бір-ақ рет берілетін өмірде адаспаңдар!
Адасқан жандар болса, ортаңызға оралыңыз,
Соны көріп қуансын қоршаған қоғамымыз.
Тірлігіңде сыйласып өткенге не жетеді?!
Бәріміз де бұл өмірдің қонағымыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу