Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  94


Автор: Асқарбек Бектемісов

Қолындағы қысқа жібін кім күрмеген?!

Бақытыма кенелткен мырза Құдай,
Қойғанын-ай байлығына бір ырза қылмай!
“Байлық қуып жығылмасын орға барып”,
Деді ме екен – жолы болсын жырда ұдай.
Жүре алмайсың өмірде ештемені ойламай,
“Алпыс жасым қалай өтед, ой қалай?!”
Қайталаймын Мұқағали ақын айтқанын,
“Тәңірімнің бір жарытпай қойғаны-ай!”
Кедейшілік ақындардың мұрасы ма?!
Осы сұрақ алдымда үнемі тұрасың, ә!
Таршылықтан ақындар көрге кірген,
Бар-жоғыңды тағдырың сұрасын ба?!
Айтпауға қалмай да тұр амалымда,
Көп ақын жылап өткен заманында.
Бұл өмірден өтті қанша талант,
Қызғаныштың қамалып тас қамалында.
Сен айтты дөп өмір көші тоқтасын ба,
Жоғыңды сен жоқтаған жоқтасын ба?!
Әкемнің де жырлап өткен туған жерін,
Алпыс жасын тойлағанбыз отбасында.
Таршылықпен күн кешкен Қасым ақын,
Дауыл жырын оқығанда көңілің ашылатын.
Мұқағали ақын да өмірден жылап өткен,
Жауһар жыры шашу болып шашылатын.
Таланттарды танымай қанша басынғанмен,
“Құбыжық” қып көрсетіп айласын асырғанмен.
Егеменді еліміз таныды ақыр ақындарын,
Заманы бізден “жаман” деп жасырғанмен.
Ақындық әкемнен маған қонып,
Жырынан жан жылуын алам толық.
Қолындағы қысқа жібін кім күрмеген?!
Өтсем болды өмірден адам болып!
Жоқшылықпен күн өткізген жан шырылдап.
Ақын мұңын құлағыма жеткізді жел сыбырлап,
Тәңірім, ақиқаттың айнасы – ақындарды,
Жарылқашы, бастарына берші бір бақ!
Деген сөз бар – адамның берері ұсақ-ұсақ,
Ал Алланың берері құшақ-құшақ.
Еміреніп сұрап алған біреуден не болады?!
Жарылқай салмаған соң қолы ашық Құдай құсап!
Мәз болмай аузыма caп асағанға,
Құрық салмай байлық деген қашағанға.
Қол жаюмен келемін ақ ниетпен,
Құр қалдырма Құдайым – деп Жасағанға.
He болады мен алдасам, сен алдасаң?!
Алдамайық, жетеді өтірікші сенен де сан.
Ағайын өкпелеме, қосып бір бастарыңды,
Бір шайымды тойханада бере алмасам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу