Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  128


Автор: Асқарбек Бектемісов

Сом алтын – соңғы тұлпар тұяғындай

Жігітсің ойың жүйрік, қиялың бай,
Кеудеңнен күмбір қаққан күй арылмай.
Көзіме көрінесің тым ерекше,
Сом алтын – соңғы тұлпар тұяғындай.
Сөз айтсам – шежіреңді көп білемін,
Әулетің аман болсын – тек тілерім.
Қыпшақтың тоқсан баулы бұтағынан,
Тарайсың ұрпағы боп – тектілердің.
Болғанда әкең ақын, атаң ақын,
Әржағы батыр болып аталатын.
Солардың жүргеннен соң ізіменен,
Ерекше елге деген махаббатың.
Көрген жоқ ісің сенің кері кетіп,
Шайқадың заманыңда желіп өтіп.
Бойдағы дертіңе де бағынбадың,
Қалам мен қағазды серік етіп.
Қалмауға талант жолы тәмамдалып,
Алдында “апыр-ай!” деп алаңдадық.
Ақ сөзін Назекеңнің сен жалғадың,
Ажалдан тура келген аман қалып.
Жүрсе де бәрі дос боп қасыңда кім,
Ақкөңіл жан сырыңды жасырмадың.
Баптаған балаларды – өзіңді де,
Аққудай аман болсын – асыл жарың.
Тірліктің ащы дәмін татқандайсың,
Содан соң бір қызыққа батқандайсың.
Құрылысшы мамандығың болғаннан соң,
Кітаптан кірпіш қалап жатқандайсың.
Белгілі талай еңбек жаза аларың,
Торғайдың шырқап биік ғажап әнін.
Ішінен ұрпақтардың жолын қуған,
Разы әруағы – Наз-ағаның.
Сенетін жөнің бар ғой нақ осыған,
Ағызған сөздің майын сабасынан.
Ақындық өз жағыңда болғанменен,
Талантың көптік етпес нағашыдан.
Екі жақ қосылған соң арғын-қыпшақ,
Көтердің өлең-сөздің туын ұстап.
Бұл сенің туа бітті табиғатың,
Әйтпесе, отырған жоқ ешкім қыстап.
Өтсін деп, өмір шіркін шырқап бәрін,
Өзіңді осылайша бір мақтадым.
Үйлендің кіші жүздің бір қызына,
Шығады батыр болып ұрпақтарың.
Осылай отбасыңда күліп-шалқып,
Қаламның қызуымен бірге балқып.
Алпысқа біразырақ ат шалдырып,
Жөней бер жетпісіңе жедел тартып.
Сонан соң сексеннің шық сеңгіріне,
Қыстырып қаламыңды белдігіңе.
Жүйткітші тұлпарыңды жүзге дейін,
Торғайдың сенесің ғой кеңдігіне.
Өкініп, өткеніне кім налыған,
Ақындық әулетіңе шын дарыған.
Болады әкең де ырза, атаң да ырза,
Өмірдің жүйткіп өтсең шыңдарынан




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу