Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  165


Автор: Жарылқасын Аманұлы

АРМАНЫМ ЖОҚ

Тәуелсіздікке тағзым етіп бүгілдім,
Тыныштығы үшін көрген күнімнің.
Тыныштығы үшін сүмбіл түнімнің.
Ай мүйізді, ашатұяқ құдайы,
Еркіндігі үшін ана тілімнің.
Тәубе, тәубе тәуелсіздік таңыма,
Азат таңым арай шашты бағыма.
Азат таңым нұрын құйды жаныма.
Күні-түні шүкіршілік етемін,
Қорғанышым – елім, жұртым барына.
Ұрпағымның арманы жоқ алдағы,
Қыран қиял келешекке самғады,
Қыран қиял бар әлемді шарлады.
Еркіндікке қолы жеткен елімнің,
Арайланып атар мәңгі тандары.
Арманда өткен әзиз ата-бабалар,
Әлихан мен Ахметтей даналар.
Бармақ шайнап өткен кеше ағалар.
Сендер көрген қасіреттен ұрпақтың
Жүрегінде жазылмайтын жара бар.
Ұрандатып өлмес рухтарынды,
Ұлдарың мен қыздарың жүр жалынды.
Ерлер де бар «елім» деген арынды.
Ботадай боп боздап жүрген ел-жұртың,
Еңселі ел боп бар әлемге танылды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу