Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  328


Автор: Жарылқасын Аманұлы

БАУЫРЖАННЫҢ МОНОЛОГІ

Ұлы далам – Ұлы Анам!
Еділ Баба, Тұмар Ана –
Ата-баба мекені,
Бақидамын, пәни депті тіршілікті,
Пәниге не жетеді?
Жаннат еді-ау Қаратау мен Алатаудың етегі.
Жуалының жуасы-ай!
Жегендердің жазылатын кеселі.
«Пәни» депті тіршілікті өпкендер,
Пәниге не жетеді?
Пәни үшін Адамзат
У да ішіп, су да, от та кешеді,
Халқым-ау деп, ақтық демім біткенше,
Бармақ шайнап, тісті қайрап өтіп ем.
Келер күнге үміт артып кетіп ем.
Егеменді ел болып,
Тәуелсіз боп азат боп көріп тұрмын.
Іргеңді нық бекінген,
Бұғауыңды шешем деп,
Тұсауыңды кесем деп,
Кесек-кесек шоқ жұтып,
Мұз шайнаумен өтіп ем!
О, туған жер,
Онда сен де жетім ең,
Онда мен де жетім ем.
Тәубә, тәубә, шүкірлік,
Жасамайын күпірлік.
Шайқалмасын енді елімнің іргесі,
Жібек жолдың бойымен
Ғасырлардың арасын, жалғай берсін бұл көші.
Алмас қылыш болса дағы қолымда,
Әділеттің жолында қиянатты көп көрдім.
Халқын емес қара басын ойлаған,
Қара ниет сатқындарды жек көрдім.
Жолыма олар ор қазып,
Бәрін жапты мен өтетін өткелдің.
Шенеунік, шарлатан, шенділермен алысып,
Арыстандай торларында кептелдім.
Талқан еттім,
Қорғап өттім ар-намысын халқымның.
Екі жүзді жағымпаз
Жарамсақтарды көп көрдім.
Қарсыласып келгенде
Алты қарыс азуы талай-талай «бөріні»
Қанжығама бөктердім.
Ата-баба аруағын шақырып,
Арыстандай ақырып,
«Молчать» дедім малғұндарға орысша.
«Молчать» дер ем,
Аталы сөз, ақылымды ол ұқса.
Қазақ тілі көрер ме еді қағажу,
Шенеунік-шекпенділер бір Құдайдан қорықса?!
Арманың жоқ, халқым, енді,
Армандаған тәуелсіздік таңы атты,
Көк туың тұр желбіреп.
Еліңді сүй,
Жерінді сүй ет-бауырың елжіреп.
Нұрлы көштің Жібек жолы ұзарып,
Бұрынғыдан бола түссін кеңірек те еңдірек,
Мәңгі бірмін, ұрпақтарым, сендермен,
Елің сүйген ерлерді
Ойламаңдар өлді деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу