Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  85


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Жалғыздық жанға көп батты,
Жанарым жасқа малшынып.
Жабылып иттер көп қапты,
Жамбасқа түстім жаншылып.
Бұғана қатпай бүгіліп,
Төзбеске төзген екенмін.
Жығылып бірде сүрініп,
Тауқымет жүгін көтердім.
Ата-анам, жарым, он балам,
Сүйеніш етті сүлдемді.
Бір Алла шығар қорғаған,
Бекітсе бекем іргемді.
Садақ та болып керіліп,
Жебе де болып тартылдым.
Жүрегім, етім сөгіліп,
Ашамай ерге артылдым.
Ата-ана, жарым, баламның,
Жыламағанын тіледім.
Төркінсіз қалған анамның,
Түріне қарап жүдедім.
Түңілтіп кейде өмірден,
Үмітсіз үрей от шашты.
Қылыштай күлге көмілген,
Жүзімді қайғы тот басты.
Құла дүз болып қаңырап,
Құлазып талай көңілім.
Ақшам да болып жамырап,
Түнерді түндей өмірім.
Қуатым, күшім таусылып,
Иекті жарға тіредім.
Қара жерді де қаусырып,
Қан жоса болды білегім.
Сыймастан топас ортаға,
Шырқырай шыңға ұмтылдым.
Ақынды жеуге қорқа ма,
Құлдары қорқау құлқынның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу