Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  128


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ОН СЕГІЗ МЫҢ ҒАЛАМНЫҢ

Он сегіз мың ғаламның,
Егесіне құлшылық.
Таңым атып арайлап,
Жарқырап тұр күн шығып.
«Қурамасын тәні деп,
Мейірленсін жаны» деп,
Су мен ауа беріпті,
«Өлмесін» деп тұншығып.
Болмысымды жаратып,
Құлақ берген, көз берген.
Айтатұғын ойымды,
Тіл арқылы сөз берген.
Кереметін ғаламның,
Түйсік берген сезінер,
Қас қағымда өзгерген.
Құдіретіңе құлшылық!
Шексіз ғалам Егесі,
Бір өзіңе құлшылық.
Мейіріміңе бөлендім.
Көрген жоқпын таршылық,
Баршылыққа кенелдім.
Өлең жаздым толғанып,
Ән де, күй де шығардым,
Домбырамды қолға алып.
Бәрін бердің бойыма,
Қасиетті өнердің.
Өзім тігіп аламын,
Өзім киер киімді.
Өзім жасап аламын,
Керек-жарақ бұйымды.
Орындалып жатады,
Ойдағының бәрі де,
Жоғым болса іздеген,
Өзі келіп бұйырды.
Қабыл болса екен деп,
Құлшылығым жасаған,
Тебіреніп кейбірде,
Жанарыма жас алам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу