Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  68


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ХАН КЕНЕ ОТЫРҒАН ҚАРА ТАС БАСЫНДА

Кеп тұрмын Қордайдағы Майтөбеге,
Майтөбе білгендерге жай төбе ме?
Түңліктей төбедегі қара тастың,
Сыры да мәлім емес байтақ елге.
Кейпінде кемсеңдеген жас баланың,
Қарауға қара тасқа жасқанамын.
Үш рет басымды иіп тәубе еттім,
Болмады өзге басқа еш амалым.
Хан Кене, кешіре гөр қазағыңды,
Сен шеккен білем қайғы азабыңды.
Қайтейін, алтыбақан алаауыздық,
Ұлдарын сендей ұлы жаза қылды.
Қараған кездерімде осы тасқа,
Жанарым толып кетті қанды жасқа.
Намысын елдің, ердің ойлаған бұл,
Япырмау, жан жоқ па еді сенен басқа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу