Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  92


Автор: Жарылқасын Аманұлы

АМАНТАЙҒА

Ақиық артық туған алғырым-ай,
Тұрушы ең тау шыңындай жаңғырып-ай.
Сен жоқта Алматыда қалғандаймын,
Адасып құла дүзде қаңғырып-ай.
Әр кезде арқа сүйер тірегім ең,
Белдессем белділермен білегім ең.
Қабыржып кейде көңілім іштей тындым,
Жайсыздық сезсем сенің реңіңнен.
Хал-жайың қатты батты-ау қабырғама,
Көңілге медеу болды сабыр ғана.
Сырқатқа сәтін салды шүкір деймін,
Жат елден білгір емші табылғанға.
Есітіп аман-есен келгеніңді,
Ақ күміс ағаң бүгін ерге мінді.
Жадырап, жағам жайлау, көңіл көктем,
Ұмытып түн ұйқыны бөлген күнді.
Бөлендім қуаныштың шуағына,
Тілектес туыс, бауыр қуануда.
Ақиық қыраным-ай, алғырым-ай,
Атадан сендей екі туады ма?
Қызығын көре берші тіршіліктің,
Кеттім-ау ә дегенде түршігіп тым.
Айналған бәйтерекке тамыры бір,
Екеуміз бұтағы едік бір шыбықтың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу