Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  61


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ХАТТАР, ХАТТАР, ХАТТАР-АЙ

Хаттар, хаттар, хаттар-ай,
Қимас-сыйлас жандардың,
Хат соңында аттары-ай.
Сөзі жүрек лүпілі,
Пейілдерінің аппағы-ай.
Қалай жүрем аттарын,
Жүрегіме сақтамай?
Бұл өмірде көбі жоқ,
Жанарымды жас жуып,
Күйзелтіп күн батқаны-ай.
Тамағымды жас буып?
Жас па, әлде тас буып?
Күрсінтіп таң атқаны-ай.
Өткен өмір куәсі,
Хаттар, хаттар, хаттар-ай.
Сағынышым – сахара,
Сахара шөл аптабы-ай.
Аптап өртке айналып,
Қуырып жеп жатқаны-ай.
Он сегіз мың ғаламды,
Шарласа да қиялым,
Бірге жүрген күндердің,
Іздерін де таппады-ай.
Мына жалған дүниенің,
Жарты беті жап-жарық.
Жарты беті екен-ау,
Жарты беті қап-қара-ай.
Қимас-сыйлас жандардың,
Сөзі қалған хаттары-ай,
Көзі талған хаттары-ай.
Опасы жоқ дүние,
Оралмайтын шақтар-ай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу