Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  137


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ТОТАНОВ САТЫБАЛДЫНЫҢ 80 жасқа толуына арнау

Жалғандыққа жарты қадам баспайтын,
Жалған сөзге жалған жақ та ашпайтын.
Сәке, сіздей азамат аз қазақ та,
Аспайтын да, саспайтын да таспайтын.
Өзгелердей өрекпімей мақтанып,
Қыран құстай тұғырдағы баптанып.
Өткен өмір шежіресін шертесіз,
Сыйластарға сырыңызды ақтарып.
Дәкең берген дәмді бойға сіңіріп,
Гүлзар бақта таза ауаны сіміріп.
Ғалыммен де,залыммен де сөйлесіп,
Жасамайсыз жасандылық, ірілік.
Обкомда да хатшы бопсыз, оңай ма,
Кім көрінген – Обкомға онда жолай ма?
Дәмдес болып талай рет ел жайлы,
Ой салыпсыз Дінмұхамед Қонайға.
Сексен таудың сеңгіріне шықтыңыз,
Ғалам сырын, адам сырын ұқтыңыз.
Талай тарлан тұрмай жатыр төсекте,
Бір өзіңіз мақтан тұтар мықтымыз.
Не бір жандар жүзден жүйткіп өтіпті,
Тісі шығып, жақтары да бекіпті.
Тоқсан, жүзден, Сәке, еркін асыңыз,
Құртқа тәуіп жүз қырыққа жетіпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу