Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  79


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ДАУЫЛПАЗ КӨКТЕ САҢҚЫЛДАП

Дауылпаз көкте саңқылдап,
Туласа толқын теңізде.
Жанарың мұңлы жарқылдап,
Жанымның оты, мені ізде.
Мені ізде көкте найзағай,
Жарқ етіп ағып өткенде.
Бақшаңа қонып сайрамай,
Мұңданса бұлбұл көктемде.
Мені ізде сары белдерден,
Ақ сағым ағып ойнаған.
Таңдайы кепкен шөлдерден,
Мұхитқа мыңдап тоймаған.
Мені ізде түпсіз ғарыштан,
Құйрықты жұлдыз аққанда.
Ақ көбік асау ағыстан,
Сарғайған күзгі бақтан да.
Мені ізде, ізде талмағын,
Телміріп құба таңдарға.
Алданып тағы қалмағын,
Қалмағын тағы арманда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу