Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  101


Автор: Жарылқасын Аманұлы

Шоқтығы кездей қазан ат....

Шоқтығы кездей қазан ат,
Шашасын шаңға шалдырмас.
Жақсыдан туған азамат,
Жолдасын жауға қалдырмас.
Жабыны жемге тойғызсаң,
Үстіне жабу салдырмас.
Жаманмен жүріп жантайсаң
Отыңды үрлеп жандырмас.
Сараңнан сұрап ішкен су,
Сусыныңды қандырмас.
Мейірімсізге күн түссе,
Түртпектеп тыным алдырмас.
Тұлпарлар жабу астында,
Жабылар көзге түсіп жүр.
Замана толқын тасқынға,
Шыдамай біреу ішіп жүр.
Талқыға түсіп тағдыры,
Өмірден біреу күйіп жүр.
Кемеңгер небір бастарда,
Ғаламат ойлар пісіп жүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу