Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  102


Автор: Жарылқасын Аманұлы

АЛАМАН ШАБЫС

Аламан шабыс, кім алар озып бәйгені,
Жүйріктер бар-ау, жұтынған не бір әйгілі..
Тоймайтын жемге, жабы да топпен бір кетті,
Қалбақтап байғұс, қалады екен қай күні?
Жаман да емес, торының аяқ алысы,
Жалданған екен, жарқылдар көзге шабысы.
Айқайға қызып, арынын басар түрі жоқ,
Айрылып кетіп, жүрмесе қарыс қазысы.
Жем үшін емес, ар-намысы үшін жарысқан,
Жүйріктер жүйткір, ауыздықтарымен алысқан.
Сүрініп бірі, жығылып бірі қап жатыр,
Тағдыр-ай, тағдыр, қисынсыз жерде қарысқан.
Қисынсыз жерде қиып бір түсіп талайды,
Сын көзбен сосын маңына тағдыр қарайды.
Жығылып жатқан жел қанат анау жүйріктің
Жалынын сипап, кекілін кім кеп тарайды?
Жақсыға жанның бәрі де мұрагерлер ме?
Қаптады халық сағымды құба белдерге.
Бармастан ешкім топ жарған торышолаққа,
Топырлап жатыр құлаған Құлагерлерге.
Мақтамас ешкім жабыны топтан озды деп,
Мазақтар қайта делебесі қалай қозды деп.
Қайғығар қауым, «жел қанат қайран жүйрік-ай»,
Құлап та жатып, мойынын алға созды» деп.
Талайын көрдім осылай біткен жарыстың,
Өртінде өлген тұлпарлар аз ба намыстың.
Тірлікте түк жоқ, өлген соқ шығар атағы,
Жүйрікпен неге, тас бауыр тағдыр, қарыстың?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу