Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  61


Автор: Жарылқасын Аманұлы

БОЛСА ДА БҰЛ КЕЗ НАР ШАҒЫМ

Болса да бұл кез нар шағым,
Болдырдым әбден шаршадым.
Қайғысыз, қамсыз бал дәурен,
Қайдасың, сені аңсадым.
Үкілі жібек тұлымым,
Едім-ау, кеше құлының.
Мен қазір қара қобыздың,
Аңырап тұрған қылымын.
Жылыстап кеткен жылдар-ай,
Батырдың мұңға, бұл қалай?
Күздегі құрақ секілді,
Тұр енді кірпік құрғамай.
Сона бір, сона шақтарда,
Атырып таңды бақтарда,
Еліктің лағын ертіп ап,
Жүруші ем шың мен шатқалда.
Татқаным жая-жал еді,
Көңілім сері, сал еді.
Шорланған мына бәйтерек,
Ол кезде шыбық тал еді.
Базарым қалай тарады,
Жаным да енді жаралы.
Қап-қара шаш та біртіндеп,
Ағарып кетіп барады.
Өзгеше кейпім, күлкім де,
Не дейін өмір шіркінге.
Бүлдіршін қыздар бірге өскен,
Күйде екен қандай бұл күнде?
Жанардың қайда жарқылы,
Жанымның қалай салқыны?
Жазира жазым, жылыстап,
Кеттің бе жылдар арқылы?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу