Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  77


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ҚАЙРАН ӨЛЕҢ

Қайран өлең, құдіретің күшті екен,
Өңім түгіл, өксітесің түсте сен,
Дауа қонбас дерт екенсің мерт етер,
Құтыламын қандай амал істесем.
Сенен қалай құтыламын, білмедім,
Аласұрып таңға кірпік ілмедім.
Дана етіп, дария етіп тербетіп,
Бала етіп тілімді де күрмедің.
Шыға алам ба биігіңе мезгеген?
Жаза берсем, көмір, темір, жез де өлең.
Ақындардың бәрі де ұста ұйқасқа,
Сонда менің айырмам не өзгеден.
Бір айырмам бар ма менің өзгеден,
Малтамды езіп жүрмін бе құр сөзбенен.
Алабұртқан ақын болсам арқалы,
Мақсатым не, айтарым не көздеген.
Не айтсаң да ауыз бердім еркіңде, –
Деп пе Құдай? Қой, қой енді желпінбе.
Жалтақтама, ақын болып туған соң,
Туа шөккір, сарай ақын сенсің бе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу