Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  84


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ТАЙҒАНАҚТАП ҚАРА ЖЕРДЕ ҚҰЛАҒАН

Тайғанақтап қара жерде құлаған,
Тарыққаннан кейде өксіп жылаған.
Естен шығып кеткенің бе, күндерім,
Естен бәрін шығарады-ау, бұл адам.
Жамап-жасқап барды-жоқты құраған,
Жасқаншақтап жаттан жәрдем сұраған.
Ұмыт болып кеткенің бе, күндерім?
Ұмытады-ау, бәрін-бәрін бұл адам.
Таяқ жасап жаңқадан да сынадан,
Таяныш қып өткен қия, жырадан,
Ойдан шығып кеткенің бе, күндерім?
Ойдан бәрін шығарады-ау, бұл адам.
Артта қалып жиған мүлік дін аман,
Азат болып пенделік пен күнәдан.
Шу деп бір күн кетер болса мәңгіге,
Мәңгі бәрін ұмытады-ау, бұл адам.
Өмір жолы кейде соқпақ бұралаң,
Кім де болса шығар-ау, бір құлаған.
Сол үшін де сендерден мен сұранам:
Бақытының білем десе бағасын,
Өткенін де ұмытпасын, бұл адам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу