Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  73


Автор: Жарылқасын Аманұлы

МЕН ҚАЛАЙША ТОЛҚЫМАЙЫН

Мен қалайша толқымайын,
толыспайын, таспайын.
Көкке өрледі кеше ғана
қолдан еккен жас қайың.
Сүйем тұлым сүйкімді қыз
көз алдымда бойжеткен.
Шақырады биге келіп,
қалай қиып тастайын.
Мен қалайша жабықпайын,
жалғыз ойға батпайын.
Нұрға бөлеп туды дағы,
мұңға бөлеп атты айым.
Аймаладым аяулысын
мен де өзімдей біреудің.
Айыпты деп, айтшы, кімді,
айтшы, кімді даттайын.
Мен қалайша егілмейін,
жанардан жас төкпейін,
Балалық шақ бал дәуренім
қалыпты ғой көп кейін.
Көктемі өтіп жастығымның,
жазы екен ғой бұл кезі,
Күз келерін біле тұрып,
қалай қайғы шекпейін.
Мен қалайша жасамайын
жан болған соң пенделік,
Пенделікті жасай алмас
жанды кеше жерледік.
Барар ма еді, бармас па еді
елдің бәрі, кім білсін,
Пенделіктен келетін жер
болса егер емделіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу