Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  148


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ӘСЕТ БЕЙСЕУОВКЕ

Ажалға айла бар ма деп,
Мен өлсем өлең арна деп.
Қалжың ба, шын ба көп айттың,
Топырақ салмай қалма деп.
Өлеңім болды-ау азалы,
Кім көрді мұндай қазаны.
Жарыңмен қоса қат-қабат,
Тәңірдің жетті ажалы.
Жатырсың суық табытта,
Халқымның абзал сабазы.
Пейілің сүттей таза еді,
Көңілің шуақ жаз еді.
Еншісі ортақ ел үшін,
Бұл неткен ауыр қаза еді,
Бұл неткен ауыр аза еді.
Кеудеме өксік тығылып,
Жер тіреп тұрып жығылып,
Кеп тұрмын бақылдасуға,
Арманда кеткен мұңылық,
Арманда кеткен мұңылық.
Бір жылғы туған төл едік,
Бір жүрдік гүлдей құбылып.
Келмеске кетіп барасың,
Қарамай артқа бұрылып.
Көзімнің жасын тыя алмай,
Астына аспан сыя алмай.
Кеп тұрмын сенің басыңа,
Денеңді жерге қия алмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу