Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  130


Автор: Жарылқасын Аманұлы

СЫБЫЗҒЫДАЙ СЫҢСЫҒАННАН ЖОҚ ПАЙДА

Сыбызғыдай сыңсығаннан жоқ пайда,
Жарқылдайтын жанарыңнан от қайда?
Сен сүрініп, мен жығылып жатқанмен,
Жарығым-ау, өмір көші тоқтай ма?
Өмір көші тоқтамайды, ұқ мұны,
Жер қаптырып кеткен талай мықтыны.
Қөтергенмен көшке ілесе алмайды,
Қорқыныштың болған адам тұтқыны.
Тәуекелге белді бусаң сескенбе,
Мұратқа оңай жеткен емес еш пенде.
Өз күні емес, келер күнді ойлаған,
Ер азамат етікпен су кешкенде.
Үміт отын өшірмесең болғаны,
Семсер сенім – ер жігіттің қорғаны.
Алты қарыс азуы бар арыстан,
Атқып кетер, айбарлансаң, жолдағы.
Салынбастан сары уайым сарынға,
Жарқ-жұрқ еткін жалыныңның барында.
Ерлерге тән қасиеттен айрылсаң,
Ерім ғой деп сыйламайды жарың да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу