Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  96


Автор: Жарылқасын Аманұлы

АУЫЛДЫ АҢСАУ

Сағынтты-ау, сайраны мол өткен күндер,
Сағымды керуен бел, көктем гүлдер.
Жаз жайлау айлы түнде, әудем жерде,
Ән салып алтыбақан тепкен күндер.
Сағынтты-ау, бозторғайдың шырылы да,
Боздала бозкөденің ызылы да.
Боздаған белдеудегі ботасымен,
Желіде жер тарпыған құлыны да.
Сағынтты-ау, төрт түліктің дүбірі де,
Ауылдың абыр-сабыр іңірі де.
Іргесін киіз үйдің қымтап жүрген,
Сырттағы кемпір-шалдың күбірі де.
Сағынтты-ау, асаулары атырылған,
Кететін атып-атып тақымыңнан.
Ащы құрт, ақтаған сөк, бидай көже,
Сары қымыз шарадағы сапырылған.
Сағынтты-ау, құрбылардың қалжыңы да,
Аман-сау болса екен барлығы да.
Асқатай ақбоз атын жүр ме мініп,
Бар еді серілігі, салдығы да.
Сағынтты-ау, әзілдері жеңгелердің,
Білмедім сендерге кім тең келерін.
Біреуі «мырза жігіт», бірі «төре»,
Дегенге шыныменен сенген едім.
Сағынтты-ау, арқа сүйер ағалар да,
Аға да керек екен сағаларға.
Сағынтты-ау, аңқылдаған інілерім,
Көтерген жүкті лайық қара нарға.
Сағынтты-ау, ақ тілекті әжелерім,
Халқының сақтап келген кәделерін.
Сағынтты-ау, қарындастар ағалаған,
Не деген арлы, ибалы әдемі едің.
Сағынтты-ау, ел қарттары құлжа сынды,
Арқалап арымаған бір ғасырды.
Ақылшым, көріпкелім сендер барда,
Білемін жүдеп, сағым сынбасымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу