Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  110


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ШӨЛІРКЕГЕН ЕКЕН-АУ, ЖЫРҒА ЖАНЫМ

Шөліркеген екен-ау, жырға жаным,
Келдіңдер ме сыңғырлап сырғаларың?
Өңім түгіл өнбойы түскен енсең де,
Бірің қолға түспестен құр қаламын.
Сен тағатын шолпының бір көзі үшін,
Пұлын жұмсап жатырмын бір қараның
Сырыңды айтшы сыңғырлап сырғаларың?
Жырлар, жырлар құмарым бала жастан,
Жүрегімді сен едің ала қашқан.
Ала қашып жеткізбей алыстағы
Ақ сағымға арман ең араласқан,
Қалушы еді құмарым тарамастан.
Сендерді іздеп аз емес шаршағаным,
Сендер ме деп қармадым таң самалын.
Сендер ме деп құшақтап шықтым түгел,
Алатаудың ақ қайын, аршаларын
Сендерді іздеп мерт болды қанша дарын...
Осы шығар елжіреп еліккенің,
Кейде ұнайды еркелеп желіккенің.
Жылуы жоқ өлеңді, жылуы жоқ,
Ақын жазып жатқанын көріп келдім.
Түте алмаған жібекті жүн етпей ме?
Қолында жүр қырық жамау бөріктерің.
Сендер келіп құмарым тарқады ма,
Тарқады ма, Тәңірім жарылқады ма?
Тұла бойым балбырап уылжиды,
Әлде жүрек әлсіреп шаршады ма?
Шыдар мекен кім білсін қаншалыға?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу