Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  753


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ӘПКЕ

Бір әкенің арттағы екі көзіміз,
Бөлінген жоқ тілегіміз, сөзіміз.
Сен де, мен де жұрағатты жұрт болып,
Өріс таптық, енді өзді-өзіміз.
Болмас бұған шүкіршілік демеске,
Ұл, қыз өсіп отау тікті бөлекше.
Жылдар жылжып өткен сайын арада,
Жиі-жиі түстің, әпке, сен еске.
Өсіп едік бір шаңырақ астында,
«Қош», – деместен кеттің бір күн қаштың да.
Мен ертеңі сені жоқтап жыладым,
Қара жерге бауырымды бастым да.
Әжем келіп кемсеңдеген иегі,
«Құлыным-ай», – деп басымнан сүйеді.
Кетіпсің-ау тастап сонда бір маған,
Бар салмағын шаңырақтың киелі.
Жылдар өтті, өтті өмірден әжем де,
Саған жолдар сыбаға мен сәлем де.
Паналаған біз екеуміз құшағын,
Ондай адам бар ма енді әлемде?
Алдымда аға, артымда іні жоқтығы,
Маңдайыма көп тигізді соққыны.
Тағдыр бірақ өшірмейді екен-ау,
Туа қайсар жүректері оттыны.
Өшкен жоқпын,
Жана бердім лапылдап.
Шығар тауым күннен-күнге жақындап.
Өтті бастан мамыр айы шуақты,
Өтті бастан қаңтар ай сақылдап.
Күн ашылып қас-қабағы түйілген,
Шаттық әні шалқып жатты үйімнен.
«Бұл күніме шүкіршілік мыңда бір», –
Деді әкем тірлігіме сүйінген.
Жан бар ма екен шайқалмаған тұнығы,
Әкеге де жетті ажал құрығы.
Құлап түсті біз сүйенер бәйтерек,
Қалдық артта бір ұл, бір қыз шыбығы.
Біз тұрғанда тілек те бір,
Сөз де бір,
Қайғы да бір
Қуанышты кез де бір.
Сенікі жоқ, менікі жоқ арада,
Айтылмайды жақсылықтан өзге жыр.
Адам қонақ қашаннан-ақ өмірге,
Не бір ойлар келеді екен көңілге.
Саулығыңды сенің, әпке, тілеймін,
Саулығымды тілеп жүргін менің де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу